2018 жылдың 16 қазан күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында Гүлзада Әлекенованың екінші дүниежүзілік соғыстың Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан ақтөбелік журналист Қасенғали Әлекенов туралы «Қасенғали» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Шарада «Үш таған» журналының редакторы Бақыт Жаншаева, кітаптың әдеби редакторы журналист Баян Қуандыққызы Сәрсенбина, Қасенғалидың қарындасы Әлекенова Зәуреш Сырымқызы, Нұрлан Алпысбаев және кітап авторы Гүлзада Әлекенова сөз сөйлеп, Қасенғали Сырымұлы жайлы тың деректермен таныстырды. Бұл кітапта журналист, Темір аудандық «Социалистік майдан» газетінің қызметкері, редакторы (1932 – 41жж.), Темір қалалық Халық депутаттары Кеңесінің депутаты (1939 ж.),Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан 62-ші Армия 124 атқыштар бригадасы 1-ротасының политругі, лейтенант Қасенғали Сырымұлы Әлекенов (1914-1942) туралы жазылған.Өмірбаяндық деректер Ақтөбе облыстық мұрағаты, Ресей Федерациясы Қорғаныс министірлігіне қарасты Подольск қаласындағы әскери мұрағат, Санкт-Петербург әскери – медициналық құжаттар мұрағатынан жинақталған.
Сонымен қатар 1932-34 жылдары ірі байлар қатарында қудаланып,атылған Қасенғалидың әке-шешесі – Сырым мен Әзиза тағдыры да сөз болады.