1 қараша күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында қазақ әдебиетінің классик ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына орай шығарылған «Өтежан» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Бұл кітап ақынның 80 жылдығына орай дайындалды. Жинаққа ақынның шығармашылығы туралы мақалалар, естеліктер, арнаулар, сұхбаттар жинақталған. Жинақ көпшілік оқырманға арналған. Редакция алқасы: Бауыржан Ерденбеков, Раукен Отыншин. Құрастырушылар: Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Талғат Тілеулесов, Мира Балтымова.
Баспаға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесінің шешімімен ұсынылған.
Шараға ақынның туған қарындасы, сабақ берген ұстазы, бірге оқыған сыныптасы және кітапты құрастырушылармен қатар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары қатысып, жастарға тәлім-тәрбиесі бар ғибрат алар кеш болды. Кеш соңында ақынның өлеңдері оқылды.