Ақпанның 12-сі күні «Қаламгер» әдеби қонақжайында ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрлыбек Қалаудың «Тереңдегі толқындар» жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
Аталған шараға Ақтөбе облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Алтынай Юнисова, профессор, филология ғылымдарының докторы, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұманазар Асанов, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Құрманқұлов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен ақынның туыстары, достары қатысты.
Әдеби кештің тізгінін ұстаған кітапхана қызметкерлері Аманжол Сламғали мен Ақбаян Қойшығалиева шара барысында қатысушыларға «Сөз бен саз» бағдарламасынан бейнежазба ұсынып, жаңа кітабының таныстырылым рәсімін жариялады. Сондай-ақ кітапхана қызметкері Балагүл Бакиева ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Сөз – Құдірет, Жыр – Тәңір...» тақырыбындағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіп, кітапхана оқырмандары Мұқағали Маралұлы, Бекарыс Құралбаев, Жандос Базарбаев, Әділхан Талғатұлы ақын Нұрлыбек Қалаудың «Тыныштыққа ынтызар», «Ақпараққа түскен із», «Бал сезімді бастан кешпей» және немересі Еркемай «Ақпараққа түскен із» өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар әнші-композитор Жандарбек Назаров,
Н.Қалаудың сөзіне жазылған «Ару дидар – Ақ қалам», «Көркем ару» авторлық әндерін әуелетсе, «Геолог» мәдениет үйі халықтық «Асыл әжелер» ән ансамблінің көркемдік жетекшісі Бибігүл Сейітова ұлы Ерасылмен авторлық «Ақтөбемнің кештері-ай» әнін орындап береді.
Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова келген қонатарға алғысын айтып, оқырман қауымды ақын Нұрлыбек Қалаудың өлеңдерін оқуға шақырды.