С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

17 қараша күні Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы аясында Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер бойынша әдебиеттер бөлімі   қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты әдеби сазды шара өткізілді. Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күннің жеңісі. Оқырмандарға, жастарға қазақ халқының ерлігін, даналығын, елге, жерге, тілге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін оятып, елжандылыққа, адамгершілікке, дінін, тарихын құрметтеуге дәріптеу  шараның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Алғашқы сөз сөйлеген кітапхана директоры Раймбаева Құралай Серікқызы осынау мерекемен кешке қатысушылар мен оқырмандарды құттықтап, Егемендік алған кезеңнен бергі кітапхана саласының жетістіктерімен бөлісті.
Шара барысында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ақын Елеусинова Гүлім Елеусинқызы: «Тарихқа үңілсек, ата – бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін, талай боздақтар жанкештілікке барды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген батырлар». Қазақстан халқының Тәуелсіздік алудағы бастан өткізген қиыншылықтары жөнінде сыр шерткен ақын жастарды  Отанын сүюге, елін құрметтеуге шақырды. Сондай-ақ өзінің жүрек жарды  жыр жинағынан  «Кие туралы толғау» өлеңін оқыды.
Кітапхана жанынан құрылған «Өнерпаз» қызығушылық клубының мүшесі, № 21 «Кәусар бұлақ» балабақшасының музыка жетекшісі, әнші  Муканова Толқын Исламгалиевна ел Тәуелсіздігі жайында: «16 – желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті. Бұл күн -  тарихта Тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Осылайша 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін  салтанатты түрде жариялады. Сондықтан да желтоқсан бүкілхалықтық мереке. Міне содан бері 30 жыл өтті. Бүгінде ел  экономикасында, әлеуметтік, мәдениет саласында үлкен жетістіктерге жеттік» - деп,  «Желтоқсан желі», «Ауылым» әндерін баян аспабында шырқады. «Үлгілі Алтын-ай» би ансамблінің жетекшісі Аңсатова Жансұлу Жұбаназарқызы мерекемен көпшілікті құттықтап,  Тәуелсіздіктің тұғыры биік болсын деген ниет білдіріп, топтың орындауында «Жауынгер», «Шашу» секілді көркем билерімен кештің көркін ашты. Ақтөбе гумманитарлық коледжінің «Гүлдерайым» халықтық би ансамблінің жетекшісі, оқытушы  Есмақанова Гуля  Мақсатқызы: «Ел Тәуелсіздігімен қатар көтерілген шаттықты шаңырақ» тақырыбында өз отбасының құрылғанына 30 жылдай уақыт өткенін, яғни Тәуелсіздіктің арқасында балаларының жақсы оқу оқығанын жеткізіп,  жетістіктерімен бөлісті. Би тобының орындауында «Шаттық» биі көрермен назарына тарту етті.
Шара барысында «Жайдарман» вокал студиясы оқушыларының орындауында «Атамекенім», «Туған жер»  және Ақтөбе гумманитарлық коледжінің жанынан құрылған  «Асыл-ай» ән  тобының шырқауымен  «Самға», «Туған ел» , Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы № 6655 әскери бөлімінің сарбазы Сақтай Нұрсұлтан «Гүлстан – Қазақстан » әсем әндермен әуелетсе, кітапхана қызметкері  Жамал Жұмагереева  Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» өлеңін оқып, жас кітапханашылар  Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін хормен орындады. Шараға мәдениет қызметкерлері, Ақтөбе  гуманитарлық колледжінің және  Ақтөбе байланыс колледжінің оқытушылары мен студенттері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы  № 6655  әскери бөлімінің сарбаздары, барлығы 70 тен аса адам қатысып, олардың назарына «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» кітап көрмесіне Лакибаева Айгөлек  библиографиялық шолу жасады. БАҚ өкілдерінен келген жергілікті «РИКА» теле арнасына өнер бөлімінің меңгерушісі Қалдиева Ақерке Сағидоллақызы сұхбат берді және кеш соңында қатысушыларды кітапхана директорының атынан Алғыс хаттармен марапаттап, ризашылығын білдірді.

IMG 5137IMG 5134IMG 5144IMG 5155IMG 5157IMG 5166IMG 5170IMG 5220IMG 5227