Кітапхана туралы

Бәйішев Сақтаған Бәйішұлы (1909-1988) - қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан еңбек сіңірген ғылым кайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Марксизм-ленинизм институтын бітірген. 1927 жылы Темір орыс-қазақ жетіжылдық мектебін бітіріп, Қарсақпайда жас пионерлер аудандық бюросының төрағасы болған. 1930 жылы Түркістан қаласында БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. Осы жұмыстарда жүргенде-ақ С.Бәйішев экономикалық зерттеулермен шұғылдана бастайды. Журналистикаға деген құштарлық С.Бәйішевті республикалық жастар газеті - «Лениншіл жасқа» алып келеді. Мұңда ол алғашқыда бөлім меңгерушісі, сосын редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1937-1941 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында сабақ берген. 1937-1938 жылдары - Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1938-1941 жылдары - «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы. 1941-1945 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында әскери құраманың комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының Саяси Басқармасы аппаратының жауапты қызметкері. 1956 жылы - Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және вице-президенті. 1959 жылы Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі төрағасы болып сайланды. 1963-1969 жылдары Экономика институтының директоры, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғылыми және қоғамдық қызметі кезінде 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Өмірінің соңғы жылдарын академик Сақтаған Бәйішев оқытушылық жұмысқа арнап, ғылыми кадрлар мен экономистердің жаңа ұрпағын даярлау саласында ұланғайыр іс тындырды. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. КСРО ордендерімен, медальдармен марапатталған. Сақтаған Бәйішевтің есімі Ақтөбе қаласындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға, Алматы қаласындағы бір көшеге, ғалымның туған жері Темір қаласындағы орта мектепке берілген.