Ауған соғысында от кешкендер

14 ақпан күні оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері 15 ақпан-Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай бүгінгі жастарға Ауған соғысына қатысып,  абыроймен елге оралған ағалардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген  мақсатпен «Ауған соғысында от кешкендер» атты кездесу кешін өткізді. 
          Кеш барысында Ауған соғысы   интернационалист-жауынгерлерлерінің Ақтөбе облыстық  қоғамдық   бірлестігінің орынбасары  Амангелді Бәйішұлы Жұмабеков пен ардагерлер Руслан Нұрқасымұлы Кенжегарин және Жанбулат Серікбайұлы Урманов жастарға өздерін таныстырып, 18-19 жастарында әскер қатарына алынып, Ауғанстан жерінде өткен естеліктерімен бөлісті. Интернационалист-жауынгерлер жас ұрпаққа Отан қорғау - ер азаматтың қасиетті борышы екендігін жеткізумен қатар, әскерде бірге  болған замандастарының ерліктерін мақтан етіп, ала бағанның арғы жағына қалдырған қарулас  жолдастарын үнсіздікпен еске алды.
     Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі,-демекші, берер тәлімі мол тарихтың тірі куәгері бүгін біздің ортамызда. Яғни, Ауған соғысының  қиян кескі кешегі тарихын бейнелейтін деректі фильмдер көптеп көрсетілуде.
       Кітапхана оқырмандарының назарына Ауған ардагерлері қоғамының төрағасы  Бақытбек Смағұлдың    «Мен көрген соғыс»:   шайқаста көз жұмған азаматтардың есімдерін дәріптеп, жастарға таныту мақсатында жазылған кітап бойынша түсірілген деректі фильмінен  үзінді көрсетілді.
            Шарада «Ауған  жаңғырығы» атты кітап көрмесінің библиографиялық шолуын кітапханашы Мөлдір Молдашева ұйымдастырып, Ауған соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің ерлігін сипаттаған, бастан кешкен оқиғаларынан тұратын слайд ұсынылды.
        Шараны кітапхана директоры Сұлушаш Максимқызы Хакимова қорытындылап, кеш қонақтарына жүрекжарды тілегін жеткізіп: «Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз.Олардың ерлігі, қажыр-қайраты бір-біріне деген достық және бауырмалдық көмегі, от пен оқтың ортасындағы жан кешті тағдыры бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге болмақ»,- деп алғысын білдірді.    
         
Ақтөбе қаласындағы  ҚР Ұлттық Ұланы № 6655 әскери  бөлімінің  сарбазы  Арманжан Адылжанұлы Масумовтың орындауында патриоттық әндер кешті әсерлендіріп,әдемі көңіл күй сыйлады. 
        Кездесу кешіне зор ықыласпен қаламыздағы  автожол,   техника және  технологиялар колледждерінің оқытушылары мен студенттері,ҚР Ұлттық Ұланы № 6655 әскери  бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар, БАҚ өкілдері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері, мәдениет қызметкерлері  қатысты.

WhatsApp Image 2023 02 14 at 12.11.11 WhatsApp Image 2023 02 14 at 12.11.11 WhatsApp Image 2023 02 14 at 12.11.11 WhatsApp Image 2023 02 14 at 12.11.11 WhatsApp Image 2023 02 14 at 12.11.11