Баласы мен Батақтың, атым - Сары...

9 қараша күні ақын, әнші, композитор Сары Батақұлының 160 жылдығына арналған «Баласы мен Батақтың, атым - Сары...» тақырыбында жыр кеші өтті.
Сары Батақұлы 1863 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келді. Ол әндері арқылы өз заманындағы әділетсіздік пен озбырлықты әшкерелейді. «Қыз Қосан», «Тілеу-Қабақ», «Дариға», «Әри­дау», «Дүние», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы әні», «Туған ел» секілді әндері адамның жан дүниесін толқытып, қиялын шарықтатады. «Сарының әні» 1938 жылы Қазақстан тарихындағы алғашқы «Аманкелді» дыбысты көркем фильмінде пайдаланылды.
Шараның мақсаты Сары Батақұлының ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, сөйлеу мәдениетін дамыту, сөз өнерін қадірлеп, қастерлей білуге дағдыландыру, ақын өлеңдерін сүйе білуге үйрену. Ақын шығармалары арқылы ұлтжандылық сезімін оятып, адамгершілікке, елінің өнерін сүюге тәрбиелеу.
Шараға ақын-драматург, ҚР Ұлттық педагогикалық ғылым  Академиясының академигі, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, өнер зерттеушісі Нұрлыбек Қалауов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хайдар Өтеғалиев, Ақтөбе облыстық халық шығармашылық орталығы «Ер Едіге»  жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин қатысты.
Шара барысында А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенті Бақытқали Бекжан және Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері Жаннұр Жүсіпова, Нұрзат Саримова, Шыңғысхан Тыныштық Сары Батақұлының өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар, «Жыр жазамын жүрегімнен» тақырыбында кітап көрмесінің библиографиялық шолуы жүргізіліп, слайд, бейне-таспа көрсетілді. «Ер Едіге» жыр мектебінің оқушылары концерттік бағдарлама қойды.

1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1