Ұлт намысын биік ұстаған тұлға

27 наурыз күні көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әмбебап ғалым,  ағартушы-педагог, аудармашы Телжан Шонанұлының 130 жылдығына арналған «Ұлт намысын биік ұстаған тұлға» атты тағылымды кеш ұйымдастырылды. Шараның мақсаты - Телжан Шонанұлының қоғамдық ғылыми-педагогикалық мұраларын оқырманға кеңінен таныстыру, саналы ғұмырын ағартушылыққа, ғылым-білімге арнап, өз ұлтының көкірек көзін ашып, рухын оятуға талпынған әмбебап ғалымның өмірі мен шығармашылық жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, насихаттау.
     Шарада Қазақстан Өлкетанушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, өлкетанушы, тарихшы Бекарыстан Мырзабай Телжан Шонанұлының балалық шағынан сөз сабақтап, оның оқу-білім жолындағы алғашқы қадамдарын,  бірге өскен алаш арыстары: Тел Жаманмұрынов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов сынды замандас, тағдырластарымен  рухани байланысын әңгімелеп, көрермендерге бірнеше дәйектер мен құнды деректерін көрсетті. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстық мәслихат депутаты, Ырғыз ауданының Құрметті азаматы, «Желдорфармация» ЖШС-нің директоры, Телжан Шонанұлының жақын туысы Құдайберген Бекенов әмбебап ғалымның бүгінге жеткен телегей мұрасына тоқталып, сол мұраны сақтап, әрі қарай зерттеу бүгінгі ұрпақтың еншісінде  екенін айтты. Сонымен қатар, № 31 жалпы білім беру орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орнай  Идирисова  ғұлама ғалымның оқу-ағарту саласындағы мұралары жөнінде айта келіп, жас оқырмандарды оқу-білімге, туған жері мен елін сүюге, салт-дәстүріне, өткен тарихына құрметпен қарауға шақырса,  №30  жалпы білім беру орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Жүгінісова  ғалымның тарихи мұралары туралы мәлімет беріп, ғалым еңбектерінің әлі де зерттеуді қажет ететін тұстарын атап өтті.
   Шара барысында Ақтөбе жоғары гуманитарлық коледжінің студенті  Аружан Жанова Телжан Шонанұлының Лев Толстойдан аударған «Күн» шығармасынан үзінді оқыса, кітапханашылар Балагүл Бакиева, Гүлбану Какенова оқырмандарға «Дарынды тұлға ілімі – өшпес мұра» атты  кітап көрмесіне библиографиялық шолу, Телжан Шонанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Алаш ақтаңдақтары» деректі фильмінен үзінді, «Алаш ардақтысы»  фото-шежіре слайд ұсынды. Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова шараны қорытындылай келе, кеш қонақтарына алғысын білдірді.

1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1