10 желтоқсан күні жазушы, аудармашы, журналист Сара Мыңжасарованың 100 жылдығына арналған «Ұлт әдебиетінің жарық жұлдызы» оқырмандар конференциясы өтті. Қазақ қыздарының арасында көлемді шығармаға қалам сілтеген тұңғыш жазушы С.Мыңжасароваға арналған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен Ақтөбе қаласына табан тіреген қаламгерлер, зерттеуші ғалымдар қатысты. Солардың арасында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Балбұлақ» республикалық балалар журналының және «Дертке дауа» республикалық газетінің бас редакторы Мағира Қожахметова, С.Мыңжасарованың қызы Қарлығаш Смағұлова, «Тұран» университеті медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебі директорының орынбасары, қауымдастырылған профессор Алмагүл Құрманбаева, Шалқар ауданы «Кішіқұм» ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Аққайыр Оразбаев, Сара Мыңжасарованың бауырлары Жаңылдық Көптілеуова, Райымбай Ақтаев және т.б. республикаға және өңірге белгілі бірқатар ақын-жазушы қатысып, өздерінің естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, олар қаламгер Сара Рахманқызымен бірге өткен жылдарын, жазушының адами болмысы мен шығармашылық қарым-қабілеті жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Оқырмандар конференциясының шымылдығын Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ашып, қаламгер қауымға ізгі тілегін жаудырды. Сонымен қатар іс-шара барысында қатысушы қонақтар Сара Мыңжасарованың құрметіне өзі оқыған ауыл мектебіне және көшелерге есімін беру жөнінде ұсыныс-тілектерін айтты. Оқырмандарға «Рухы мықты жазушы» кітап көрмесіне библиографиялық шолу, қаламгердың өмірбаянына арналған «Кішіқұмның қаламгер қызы» фото-шежіре слайд ұсынылды.