25 қыркүйек күні ұстаз-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, профессор Амангелді Айталының 85 жылдығына арналған «Айтулы Амангелді Айталы еді ...» еске алу кеші өтті.
Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев, Амангелді Айталының жұбайы Гүлжан Битөре, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Нұрбек Нұрғалиев, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті кітапханалық сервис және даму бөлімінің басшысы Абзал Жайлаубаев және т.б. зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Еске алу кешінде кітапханшы Рысжан Карагулова «Зерделі ойдың зергері» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіп, Амангелді Айталының еңбектерімен таныстырды. Сонымен қатар, оқырмандарға Шымкент қаласынан танымал ақын, белгілі қоғам қайраткері Ханбибі Есенқарақызы жолдаған және Амангелді Айталының балалары Айдар, Айбар, Жанар жолдаған бейнежазбаларын, жеке мұрағатынан алынған «Вести. Кабардино-Балкария. Абдрахман Айталы» бейнежазба, «Алаштың Айталысы» фото-шежіре слайд ұсынылды.
Шара барысында Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Нұрлан Әбдібеков «Қазақтың жігіттері», «Біздің елдің жігіттері» әндерін толғана орындаса, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенті Бексұлтан Төлеусары ақын Ханбибі Есенқарақызының «Амангелді Айталы ағаға» деген арнауын оқып берді.