27 қыркүйек күні мемлекет және қоғам қайраткері, тілші-ғалым, Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлының 120 жылдығына орай «Өз заманының ұлы тұлғасы» республикалық конференция өтті. 13 жыл Үкіметті басқарып, 1938 жылдың жазында бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалаған көрнекті тұлғаның өмір жолы мен қызметін, қазақ халқы үшін жасаған ерен еңбегімен таныстыру мақсатындағы шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Демешова Назимат Бекқазықызы алғысөзбен ашып берді.Конференцияға Алматы қаласынан Нұртас Оңдасыновтың «аманатын арқалап жүрген» жазушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, оңдасыновтанушы ғалым Гүлсім Оразалықызы, Астана қаласынан ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Бабаев Ибрахим Әлімханұлы зум қосымшасы арқылы қосылып, жастарға Нұртас Оңдасыновтың мазмұнды, ғылыми жаңалықтарға толы ғұмырында Қазақстан өндірісі мен экономикасының, ғылымы мен білімінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, рухани мұрасы жайында кеңінен айтып берді.Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, орман ресурстарының инженері Назарбайұлы Наурызбайдың, заңгер, прокуратура органының ардагері Жұмабаев Елубай Садақбайұлы, Шығанақ Берсиев атындағы Жоғары аграрлық –техникалық коледжінің арнайы пән оқытушысы, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшесі Кулшаров Нұрболат Тоқтамысұлы ұлағатты ұстаздың биік тұлғасын кейінгі ұрпаққа үлгі етуде қолдарындағы бар тың деректермен бөлісті. Шара барысында кітапхана оқырмандарының назарына ұйымдастырылған "Өнегелі өмір өрнегі" кітап көрмесіне кітапханашы М.Молдашева библиографиялық шолу жасап, «Нар тұлға» атты бейне баян көрсетілді. Сонымен қатар, кітапхана қызметкері Алпысбаева Қызғалдақ қоғам қайраткеріне арналған ақын Әбділда Тәжібаевтың «Нұртас Оңдасынов» атты арнау өлеңін оқып берді.