30 қыркүйек күні ана тілінің абыз анасы атанған, ҚР ҰҒА академигі, лингвист ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың 100 жылдығына арналған «Тіл білімінің тарланы» атты online республикалық конференциясы өтті.
Ғалымның өмір жолы мен мол мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конференцияға Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Назимат Демешева, Қазақстан Өлкетанушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, өлкетанушы, тарихшы Бекарыстан Мырзабай, Ақтөбе қаласы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті филология ғылымдарының кандидаты Күлшат Кондыбай және Рәбиға Сыздықтың шәкірттері: Лев Гумилев атындағы ЕҰУ филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Мұратова (Астана қ.), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Орынай Жұбай (Алматы қ.), филология ғылымдарының докторы, Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжениринг университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Нұрдәулетова (Ақтау қ.), Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Күләш Еңсебаева (Өскемен қ.), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Адина Тимурова (Алматы қ.), Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев қатысып ғалымның өмір жолы, ғылымдағы алатын орны мен тіл біліміне қосқан ұшан-теңіз еңбектері жөнінде баяндама оқып, естеліктерімен бөлісті.
Конференция барысында өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай ғалымның әкесі, Алаш қайраткері Сәтіғали Құтқожиннің есіміне Ақтөбе қаласынан көше беру мен академик Рәбиға Сыздықтың атын мектепке беру туралы, туған жері Ойылдан Құтқожин әулетіне арналған музей және Ақтөбе қаласында «Ақтөбе облысының ақын-жазушылары мен ғалымдарына арналған әдеби-ғылыми музейін» ашу туралы ұсыныс тілегін жеткізді.
Конференция барысында кітапханашы Балагүл Бакиева оқырман назарына ғалымның өмірі мен еңбектерін насихаттайтын «Тіл ғұмыр» фото-шежіре слайд, «Ана тілінің абыз анасы» кітап көрмесін ұсынды. Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова барша конференция қатысушыларына алғыс білдірді.