17 қазан күні Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақтың көрнекті жазушысы» әдеби кеші өтті. Әдеби кешке ақын-жазушылар, қаламыздағы мектеп мұғалімдері және жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты. Жазушы, ардагер-ұстаз Жұмабай Асарбаев, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі Зияш Телеуова, №31 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері Гүлфиза Құспанова, ақын, филология магистрі С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Гүлжахан Төреханова, Ә.Нұрпейісовтың немере інісі Әбдіғапбар Сламбаев және немере қарындасы Күлпатша Шоқыманқызы, ақын, «Керек.INFO» газетінің редакторы Индира Кереева, №51 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Смайлова жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеп, қызықты естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері Фариза Дабидбекқызы және Жүзім Мұратова Ш.Сариевтің «Толғау» өлеңін тарту етсе, Мұқағали Маралұлы «Қан мен тер» романынан үзінді монологын оқыды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті музыка және хореография кафедрасының оқытушысы Ғазиза Абдирова «Аралым – айдын шалқарым» термесін орындады. Шара барысында оқырмандар назарына жазушының туған жері Арал қаласындағы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінен арнайы түсірілген бейнежазба ұсынылып, кітапхана қызметкері Балагүл Бакиева «Әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу өткізді. Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова әдеби кешті қорытындылап, кеш қонақтарына алғысын білдірді.