15 қазан күні даниялық қандасымыз, экономист, мемлекетті экономикалық басқару мен жекелеген бизнес секторын экономикалық тұрғыдан басқарудың кәсіби маманы, қазіргі таңда әлемдегі ең ірі және ең алғашқы жел генераторларын өндіруші даниялық "Vestas" компаниясының бас кеңсесінің бизнес-сарапшысы Қажы Акбар Аюбимен жастарға өмір жолынан және еңбек етудің адам өміріндегі орнын сезіндіру арқылы қоғамдағы өзгерістерге назар аудара отырып, азаматтық позициясын қалыптастыру мақсатында кездесу кеші өтті. «Қазақстан өлкетанушылар одағы» облыстық филиалының төрағасы, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» Мырзабаев Бекарыстан Боранқұлұлы алдымен қазақ тарихының өткен кезеңдері туралы ақпарат беріп, аласапыран күндер қазақтың алқымынан алғанда, үдере көшкен елге еріп, басқа елге қоныс аударуға мәжбүр болған Аюбилер ұрпағы Дания еліндегі қандасымыз Қажы Акбар Аюбиді таныстырды.
Қажы Акбар Аюби атамекені Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерінің зор екенін, оның гүлденіп, өсуіне мүдделі екенін үнемі әлеуметтік желідегі парақшасында сарапшылық пікірлері мен мақалалары арқылы білдіріп отыратынын сөз етті. Шара барысында колледж студенттерінің және кітапхана оқырмандарының назарына ұйымдастырылған «Ақтөбе-құтты мекен» және «Ақтөбе-батырлар мекені», «Ақтөбе-әдебиет ордасы» кітап көрмелеріне библиографиялық шолу жасалды. Сонымен қатар, 63 елмен байланыс жүргізетін даниялық компанияның қызметкері Қажы Акбар Аюбидің айтуымен, өзі естіп, куә болған үш ұрпақтың жарты ғасырлық көшін баяндады.