Кітапхана қызметкерлері Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 жалпы білім беретін орта ІТ мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімдерімен бірлесіп, Қазақ хандығы тұсындағы әйел тұлғаларының қайраткерлігін, мұрасын насихаттау мақсатында «Тарихта аты қалған Бопай ханша» танымдық сағатын өткізді. Әлемнің бар асылына тең нәзік жанды қазақ арулары әдемілікпен қоса, батырлығы мен батылдығымен атағы алысқа тараған.Әйел қауымы-қай қоғамда болсын жақсылықтың бастауы, дәстүрдің мәйегі, өркендеу мен үйлесімнің ұйытқысы. Осындай тәлім-тәрбиенің ұраны мен қағидатына айналған асыл тұлғалы әйел-аналарымыздың бірі-Бопай ханша.
Бопай ханша — Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның қызы, Кенесары ханның қарындасы. Ол Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі. Бопай ханша Көкшетауда дүниеге келген. Шараның қонақтары «Қазақстан өлкетанушылар одағы» облыстық филиалының төрағасы, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» Б.Б.Мырзабаев, С.Нұрмағамбетов атындағы қордың Ақтөбе қаласы бойынша өкілі С.Тәшкенбай, аталмыш мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімдері Н.А.Есенжолова, Е.Т.Тобылбаев, Д.Қайратбекұлы және қоғам белсендісі Ж.Қазыгелді Қазақ мемлекеттілігін қалыптастырып, дамытуға үлес қосқан ханымдар мен арулардың ұлт алдындағы еңбегін байыптап, тағылымды өмірлерін жұртшылық назарына ұсынды. Бүгінгі Қасымқызы Бопайға арналған шарада оның өмірдерегі жайында қонақтарымыз жан-жақты талдап, оқырмандарға түсіндіріп берді. Шара барысында кітапхана оқырмандарының назарына ұйымдастырылған«Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, Бопай Қасымқызының өмірдерегін сипаттаған «Бопай-елдік пен ерлік жолы» бейне баяны көрсетілді. Сонымен бірге, аталмыш мектеп-лицейі, домбыра ансамблінің орындауында «Адай» күйі тыңдалды. Шараның қатысушылары: Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 жалпы білім беретін орта ІТ мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімдері мен жоғары класс оқушылары.