2 мамыр күні қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия — батыр қызы сен халқымның» әдеби-сазды кеші өтті. Кешке Ақтөбе жоғарғы гуманитарлық колледжінің оқытушысы Ләззат Балғазиева шәкірті Нұрила Тілектесовамен бірге қатысып, батыр қыздың өмірі, ерен ерлігі туралы баяндама оқыды.
Аталмыш оқу орнының студенттері Рзаева Гүлбағым, Келдібекқызы Гүлсезім, Кенжеғали Ақгүл Әлия Молдағұловаға арналған өлеңдер оқып, Нұргүл Жұбатова «Әлия» әнін орындады. А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің «Кербез» дуэті «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әннен шашу шашып, Ақтөбе қалалық №55 орта мектеп-гимназиясынң «Шаттық» би ансамблі «Батыр» биін биледі. Кітапхана қызметкерлері Балагүл Бакиева, Рысжан Карагулова «Аңызға айналған ару» кітап көрмесіне библиографиялық шолу өткізіп, фото-шежіре слайд, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейі жолдаған «Заманауи Әлия музейі» бейнежазба, Әлия Молдағұлованың көзін көрген жазушы Жекен Жұмақановтың жұбайы Клара Біләлқызының ақтөбеліктерге жолдаған бейнежазбасын ұсынды. Клара Біләлқызы өз сөзінде: «Майдангер жазушы Жекен Жұмақанов Әлия Молдағұловамен соғыс уақытында бірге ұрыстарға қатысып, ерлігін өз көзімен көрген. Түнде барлауға шыққан кезде Әлияның шапшаңдығын, жылдамдығын, қайсарлығын, мергенділігін, жаужүректігін көргенін таңғалып айтатын ...», - деп әңгімелеп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, оқырмандарға Әлия Молдағұлованың нағашы інісі Сапар Молдағұловтың естелігінен бейнежазба көрсетілді. Шара соныңда кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова оқырмандарға алғысын білдірді.