«Ұлттық кітап күні» аясында «ҚАЛАМГЕР» әдеби қонақжайында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәрлен Ғилымханның шығармашылығына арналған «Санадағы сұлбалар» кездесу кеші және «Төбелер стихиясы» кітабының таныстырылымы өтті. Кездесу кешіне ақын, көсемсөз шебері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мейірхан Ақдәулет, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Бауыржан Құрманқұлов және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада Ақтөбе өңірінің арғы-бергі тарихына арналған «Төбелер стихиясы» кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітапта осы өңірдегі тұлғалардың өмір жолы туралы өлең-жырлар, толғау мен поэмалар бар. Ақын Мәрлен Ғилымханның кітабы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы шеңберінде жарық көрген.
Кеш барысында қаламгерлер оралдық ақынның шығармашылығы жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, алдағы ізденісіне сәттілік тіледі. Сонымен бірге қатысушы зиялы қауым «Төбелер стихиясы» кітабында суреттелген киелі жерлердің тарихына да тоқталды. Ақынның «Дала данышпаны», «Бодау», «Ақтарылу» өлеңдері және «Дала гүлі» поэмасынан үзінді оқылып, әйгілі күйші Қазанғаптың «Құс қайтару» күйі күмбірледі. Кеш соңында ақын Мәрлен Ғилымхан ақтөбеліктерге алғысын айтты. Кітапхана қызметкерлері қатысушылар назарына «Жанымды қағазға көшірдім...» кітап көрмесін ұсынды.