22 сәуір күні Ұлттық кітап күні аясында айтулы ақыны, арқалы жыршы Ақтан Керейұлының 175 жылдығына арналған «Бес жүйріктің бірі еді Ақтан ақын» республикалық оnline әдеби-тарихи танымдық кеші ұйымдастырылды.
Аталған шараға ЗУМ платформасы арқылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абат Қыдыршаев; Айтыскер ақын, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин; «Shakarim University» Білім беру жоғары мектебінің Өнер кафедрасының аға оқытушысы, мәдениеттану ғылымдарының PhD-докторы Еркебұлан Тәтиев; ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, білім беру және мәдениет саласының ардагері, ҚР Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Нұрлыбек Қалауов; ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақтантанушы, мәдениеттану мамандығы бойынша PhD Есентүгел Әзи; Ақтан жырау атындағы Қопа орта мектебінің директоры Анаргүл Абишова және т.б. зиялы қауым өкілдері мен Ақтан ақынның ұрпағы Ертарғын Байназарұлы қатысты.
Оnline әдеби-тарихи танымдық кеш барысында кітапхана қызметкері, ақын Аманжол Сламғали елдің жоғын жоқтаған «белгілі бес жүйріктің» бірі Ақтан Керейұлының өмірбаянымен таныстырып, қатысушыларға сөз берді. Олар «Ақтан Керейұлының шығармашылығындағы халықтық шешендік дәстүр аспектілері», «Ақтан Керейұлы және Алтай-Тарбағатай жыраулық дәстүрі», «Ақтан Керейұлының «Сахилықтың белгісі» өлең-жырына танымдық талдау» атты тақырыпта ой қозғап, дүлділ ақын Ақтан Керейұлы туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, жыршы Демеубай Жолымбетов Ақтанның «Арғымаққа міндім деп, Артқы топтан адаспа», «Ер Едіге» жыр мектебінің оқытушысы Айым Гельманова ақынның «Азғын тартар қаз бен қу» термесін орындаса, кітапханашы Рысжан Қарағұлова «Ақпа жырдың Ақтаны» кітап көрмесіне библиографиялық шолу өткізді.