15 сәуір күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ән падишасы» әдеби әуен кеші өтті.Мақсаты : Әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, ән әлемімізге жарық жұлдыздай сәуле шашқан вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне шолу жасау, шығармашылығын насихаттау. Сұлулыққа, әсемдікке, елжандылыққа баулу.
Бүгінгі шарамызға Ақтөбе аймағына, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан белгілі азамат Бақыт Ғизатов, композитор, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Тереков Орынбасар Ембергенұлы, тарихшы-өлкетанушы Баянғали Құлтаев, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы Шумакова Шолпан Ахметқызы қатысты.
Шара барысында өмірдерегі мен шығармашылығына байланысты бейнебаян үзіндісі көрсетілді. 6655 әскери бөлім оркестрінің музыканты ефрейтор Естөре Нұржан «ӘН-АҒА» арнауын орындаса, Мұхтар Шахановтың «Қалдаяқов өзені» өлеңін кітапханамыздың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Қойшығалиева Ақбаян оқыды. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пән оқытушысы, жас маман Көпшілбай Гүлмира «Ақсұңқарым» әнін, ал Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері Айкөркем Дүйсенбина , Байғалиева Асылай, Кеңесов Мерей композитордың әндерінен попурри шырқады. Вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалады. «Ән болып қалқыған...» кітап көрме жасақталды.Шараға «TALANT-light» қызығушылық клубының мүшелері, 6655 әскери бөлімінің өнерпаздары мен сарбаздары, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.