20 маусым күні кітапханада кітап арқылы ұлы тұлғаны алаш жұртына кеңірек таныстырып, алдағы уақытта ол кісінің есімін ұлықтау жолында басталатын үлкен істерге алғашқы қадам жасау мақсатында Хансұлтан Тоғысұлы Сүйіншәлиннің туғанына 120 жыл толуына орай «Комиссар Хансұлтан Тоғысұлы Сүйіншәлин» кітабының таныстырылымы өтті.
2023 жылы Ақтөбе: «Ажар-АБК» баспаханасынан жарық көрген бұл еңбектің құрастырушы авторлары: қазақ журналистикасының қайраткері, «Қазақ спорт-туризм» академиясының құрметті профессоры, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының редакторы М.С.Тасқалиев және Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Е.С.Бақтияров.
Сүйіншәлин Хансұлтан Ақтөбе губерниясы, Ырғыз болысы №9 ауыл Ақтоғай жерінде 1905 жылы тамыз айында қарапайым малшы отбасында дүниеге келген.Ырғыз топырағынан шыққан Х.Т.Сүйіншәлин де саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1937-1938 жыл аралығында халық ағарту комиссары қызметін атқарған.
Комиссардың қысқа болса да мағыналы өмір жолы туралы айтылған кітап таныстырылымына тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-нің профессоры Ұ.Ш.Исмагулов, Қазақстанның құрметті журналисі, Ырғыз ауданының Құрметті азаматы Р.Ж.Өтеміс, «Қазақстан өлкетанушылар одағы» облыстық филиалының төрағасы, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» Б.Б.Мырзабаев, филолог-өлкетанушы, «Аманат» экспедиция жетекшісі, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «Руханият» танымдық-патриоттық клуб төрағасы Ж.О.Абдуллина қатысты.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ағартушының туыстары, қала мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.
Шара барысында кітапхана оқырмандарының назарына ұйымдастырылған «Тұлға тағылымы» атты кітап көрмесіне кітапханашы Әйгерім Төлегенова библиографиялық шолу жасап, комиссар Х.Т.Сүйіншәлиннің өмір жолы жайында ұрпақтары әзірлеген бейне баян көрсетілді. Сонымен қатар, Ырғыз аудандық Асық ату федерациясының президенті, «Ырғыз» мектептен тыс аула клубының директоры Ж.Б.Балданов өзінің арнау өлеңін орындап берді.