Алаштың аяулы перзенті

Биыл жазушы, драматург әрі журналист Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына 130 жыл толып отыр. Бүгін қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолына арналған «Алаштың аяулы перзенті» облыстық оқырмандар конференциясы өтті.

Шараға өңірге белгілі зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен журналистер, сондай-ақ оқырман жастар қатысты. Конференция барысында Қазақстанның құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Жанғабыл Қабақбаев қаламгер Жиенғали Әділұлының қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі жөнінде тарқатса, онлайн байланысқа шыққан филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменше заман зердесіндегі жазушының ой-еңбектеріне тоқталды. С.Бәйішев атындағы университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, жиенғалитанушы Ғайша Ниязова қаламгер шығармашылығының ішінде сатиралық туындыларының да маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен бірге Гуманитарлық ғылымдар магистрі Берік Нұрмұхамедов мақалаларының өзектілігін тілге тиек етсе, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушысы Райымбек Жұбаныш жазушының есімін ұлықтау турасында ұсынысын ортаға салды.

📚Облыстық оқырмандар конференциясында Темір ауданынан келген №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Бақдәулет Бердімұрат Ж.Тілепбергеновтің І.Жансүгіровке хат жазу сәтінен көрініс қойса, кітапхана қызметкерлері Қарлығаш Ержігітқызы, Ерсұлтан Шығанақ және Аманжол Исламғали қаламгердің «Перизат-Рамазан» пьесасынан үзінді сахналады. Темір аудандық өлкетану музейінің директоры Жандос Кенжебекұлы жолдаған «Ж.Тілепбергеновтің тағылымды ғұмыры» бейнежазбасы тамашаланды. Темір аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Маржан Ибраймова жазушының есімін дәріптеу мақсатында қолға алған іс-шараларды баяндап, аудандық ішкі саясат бөлімі дайындаған «Темір үні: Тұлға. Тағылым» бейнежазбасын ұсынды.

Қаламгердің шығармашылығына арналған «Жиенғали жолы» кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Рысжан Қарағұлова библиографиялық шолу жасап, шараға қатысқан Бопай ханым жоғары медициналық колледжі мен Ақтөбе сервис колледжінің студенттеріне өмір жолын кеңінен таныстырды.

1 7 1 7 1 7 1 7 1 7 1 7 1 7 1 7 1 7 1 7 1 7