22 қараша күні жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, «Парасат», «Құрмет» ордендері және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бибігүл Иманғазинаның «Бибі-Сана» кітабының таныстырылымы өтті.
Аталған шараға Ақтөбе облыстық мәдениет, арихивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, ақын,Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов, Қазақстанның құрметті журналисі Жанғабыл Қабақбаев, жазушы, сатирик Төрежан Мәндібай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бижан Қалмағанбетов сынды өңірге белгілі қаламгер қауым және автордың інісі Мұратбай Қабиев, туысы Кенжебай Сүйеумағамбетов қатысты.
Ақын-жазушылар Бибігүл Қабиқызының қаламгерлік қуаты мен қайраткерлігін тілге тиек етіп, жаңа кітаптың оқырман көңілінен орын алатынына сенетіндерін айтты. Автордың қазақ қоғамына жасаған жақсылығы жайлы тарқатты.
Автордың «Тауқымет» және «Бибі-Сана» шығармаларына №69 жалпы орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжайнар Алашбаева және №51 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Смайлова өз көзқарастарын білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Шара барысында ақын Ертай Ашықбаевтың «Бибі-Ана» өлеңіне композитор Жандарбек Назаров жазған ән тыңдалды. «Үркер» шығармашылық ортасының мүшесі Қызғалдақ Алпысбаева елге белгілі ақын Иран-Ғайыптың қаламгерге арнаған «Бибі-Ана» өлеңі мәнерлеп оқып, қатысушылардың қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар кітапхана қызметкері Рысжан Қарағұлова оқырман қауымды Бибігүл Иманғазинаның өмірбаянымен таныстырып, автордың шығармашылығына арналған «Жақсылықтың жаршысындай Бибі-Ана» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.








.png)










