31 наурыз күні «Тарихы терең Ақтөбе» жобасы аясында Жалаңтөс баһадүрдің туғанына 450 жыл толуына арналған «Тұранның тұғырлы тұлғасы» тарихи кеші өтті.
Тарихи кешкеАқтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Назимат Демешова, зерттеуші ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, батырдың ұрпақтары және оқырман жастар қатысты. Атап айтсақ, шара қонақтарының қатарындаӨзбекстаннан келген батырдың ұрпағы Жомарт қажы Әдіреймов, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Жанғабыл Қабақбаев, «Алшын Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы Бекболат Шайманов, ардагер ұстаз Бағдат Еңсепбаев пен Қазақстанның құрметті спорт қызметкері Болат Еңсепбаев және батырдың өзге де ұрпақтары болды. Олар Жалаңтөс батырдың Регистанда «Ширдор» мен «Тіллә-қари» медреселерін салдырып, барша түркі жұртына «ұлы сәулет өнерінің қамқоршысы» атанғанын тілге тиек етіп, ерліктері жайында әріден тарқатты.
Қызылорда облысынан «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы республикалық қордың президенті Нәжмаддин Мұсабаев онлайн сипатта байланысқа шығып, тарихи деректерді ортаға салды.
Өңірге белгілі жырау Демеубай Жолымбетов «Жалаңтөс батыр» жайлы жырды орындаса, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әділбек Сарин «Кіші жүздің ерлерін» төгілте жырлады.
Тарихи кеш барысында қалалық №69 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары ҚұндызАбила, ІнжуБибитова, Гүлмира Назар ақын Несіпбек Айтұлының «Жалаңтөс Баһадүр» поэмасынан үзінді жәнеЕсенғали Раушановтың «Төртқаралардың ауылы бар ғой ол жақта» өлеңін оқып берсе,кітапхана қызметкері Рысжан Қарағұлова «Тарих тереңінен жеткен сыр» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Сонымен қатар шараны жүргізген жас ақын Аманжол Исламғали өмір жолы мен ерлігіне арналған бейнежазба, фото-шежіре слайд ұсынып, кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова батырдың болмысы мен ерлік істерін дәріптейтін құнды тарихи деректерді оқуға шақырды.









.png)










