13 қазан күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттер бөлімінің ұйымдастыруымен ZOOM платформасында әйгілі дихан, тары өсіруден бүгінге дейін ешкім қайталамаған Дүниежүзілік рекордтың иесі, ғылым тілінде «Болмасты болдырған адам» деп аталатын тұлға Шығанақ Берсеевтің туғанына 140 жыл (1881-1944) толуына орай «Ақ тарының Атасы» тақырыбында танымдық кеш өткізілді. Шараның қадірменді қонақтары: Баишев университетінің профессоры А.Буктыбаева, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының бөлім меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты В.Цыганков тары технологиясының зерттелуі туралы ғылыми ізденістерімен таныстырып өтті.Танымдық кеште ардагер журналист И.Асқар тарышы еңбегінің өскелең жастар үшін тәрбиелік мәні зор екендігін айта отырып, ол «Шығанақ - Еліміздің еңбектегі төлқұжаты, нағыз феномен тұлға», – дей келіп, атақты тарышының рекордтық көрсеткішіне қалай жеткенін еңбек және өмір жолына тоқталып өтті. Ауылшаруашылық ардагері Т.Сәдірбаев пен Шығанақ Берсиевтің жиені М.Ешмұханов Шығанақ туралы және ізбасарларының еселі еңбегі жайлы естеліктерімен бөлісті.Жергілікті ақын, журналист, өнер зерттеушісі Нұрлыбек Қалауов диқаншы Ш.Берсиев туралы пьесасының жазылу тарихы туралы оқырмандармен ой бөлісіп,неміс драматургы Бертольд Брехттің «Тары өсіру» дастанының қазақ тіліне аудармасы қалай жазылғандығы туралы айтып өтті. Ойыл аудандық Халық театрының режиссері, Мәдениет саласының ардагері Аманкелді Жуманов «Шығанақ» спектаклінің жазылуы және басты рольді сомдауы туралы естеліктермен ой бөлісті.
Танымдық кеш көрермендеріне өлкетану әдебиеттер бөлімі дайындаған «Ақ тарының Атасы» атты кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жүргізілді. ZOOM платформасына Ақтөбе облысының аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің оқырмандары, Ойыл аудандық ОҚЖ, Ақтөбе ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының қызметкерлері, Ақтөбе жоғары ауыл-шаруашылық колледжінің оқытушылары мен студенттері, Ш.Берсиев атындағы орта мектебінің ұстаздары, оқушылары қатысты.