Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен Түркістан шаһарына жол тартып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бастау алған игі шара Түркістан облысының «FARAB» атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Тәуелсіздікке тарту» атты ақындардың әдеби кездесуімен жалғасын тапты. Рухани керуеннің мақсаты - көп томдық басылымдардың таныстырылымында елімізге белгілі өлкеміздің көрнекті тұлғаларының өлеңдері мен таңдамалы шығармаларын насихаттау. Бүгінде олардың ізін жалғаушы ақтөбелік ақын-жазушылар қазақ әдебиетінің дамуында өзіндік орындарының бар екендігін көрсету. «Ақтөбе кітапханасы» сериясы - кейінге қалдырар қымбат мұраның бір бөлшегі. Сондықтан да бұл мұраның Түркістан тұрғындарына жеткізіп, екі елдің рухани байланысын нығайту.
Шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова мен Түркістан облысының мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашты. Ұлы тұлғалар дүниеге келген шежірелі Ақтөбе өңірінің тарихын баяндайтын «Ақтөбе - құтты мекен» атты арнайы дайындалған бейнеролик көрермендер назарына ұсынылды. Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов өзінің «Туған ауылым», «Әжеме» өлеңдерін оқыса, ал «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының редакторы, жүргізу шiсi, ақын Лаура Палман «Тәуелсіздікке тағзым», «Сағыныш сияқты өз атым», «Күзге сыр», «Еңбекшім», «Уақытқа наз» атты төл туындыларынан тыңдарман қауымға арнады. Сонымен қатар ақын Талғат Тiлеулесовтың әнi мен сөзіне жазылған «Кiтапханашылар» әнi орындалып, көпшілік көңілінен шықты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асан мен Түркістан қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі Өтепберген Қуанышбаев және Түркістан облысының әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева екі елдің ортасына рухани көпір салынғанына шексіз ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар «Ақтөбе - ежелден жыраулар мекені» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «FARAB» кітапханасына «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан 50 томдық кітапты сыйға тартылды.
С.Бәйiшев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Раймбаева Құралай Серiкқызы өз құттықтау сөзінде белгілі ақын, көсем сөз шебері, өңіраралық «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулеттiң бастамасымен жарық көрген 50 томдық «Ақтөбе кітапханасы» сериясы бойынша кеңiрек тоқталып өтті. Шара соңында Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шардарбекова Жанат Сәдібекқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, Ақтөбе мен Түркістан кітапханаларының арасында ізгілікті қарым - қатынас орнатуды тілге тиек етті. Бұл игі шарадан рухани-мәдени байланысымыз нығая түспек.
Рухани керуен шарасына құтты мекен Ақтөбеден облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Юнисова Алтынай Юнисқызы, филология ғылымдарының досторы, профессор, едігетанушы Жұманазар Асан, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Раймбаева Құралай Серiкқызы, – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тілеулесов Талғат Бұрханұлы,Ақтөбе телеарнасының директоры, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мирас Мұқаш, Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Хасенов Нұрлыхан Жайылқанұлы, облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры Омарова Ләйла Есенгелдіқызы, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония директоры Кенжалиев Елубай Мұхамбетұлы, ақын, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының журналисі Палман Лаура Тельманқызы, жыршы, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Елемесов Жеңіс, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Салиева Ақтоты Қорғанбайқызы, Облыстық Ақтөбе газетінің тілшісі Ақерке Сатыбалды қатысты.
- 375
Пайдалы сілтемелер