16 ақпан күні сатирик, журналист Әлімбай Ізбайдың туғанына 65 жыл толуына орай «ӘЗІЛ ӘЛЕМІНІҢ ӘЛІМБАЙЫ» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Оқырмандарға «Артында жақсы сөз қалған» тақырыбындағы кітап көрмесінің библиографиялық шолуы жүргізілді. Оқырмандарға қаламгердің «Қырық үш күндік кемдік» әзіл әңгімелер жинағы, «Жәдігер. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы», «Ақтөбе журналистері» анықтамалық жинағы, Ізбай Әлімбайдың шығармалары кірген «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарық көрген 45 томы оқуға ұсынылды.
Журналист, сатирик қаламгер Әлімбай Ізбайдың жақындары, достары, әріптестері және Бағатай Ізтаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Жаңғабыл Қабақбаев, «Шалқар ауданының Құрметті азаматы», Қазақстанның Құрметті журналисі Нұрмухамбет Дияров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аманқос Орынғали, ақын, сатирик Ардақ Қонақбаева, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Екі Езу» әзіл-сықақ театрының директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрлыбек Жұбатқан өз естеліктерімен бөлісті.
Әлімбай Ізбай Ақтөбе өңірінде сатира жанрының дамуына көп еңбегі сіңген біртуар тұлға. Қоғамға ой салатын пікірлерін әзіл әңгімелері арқылы жеткізді, «Екі-Езу» театрының атауын беріп, театрдың әнұранын жазды.
Шара барысында «Екі-Езу» әзіл-сықақ театры «Оппозиционер» атты сатиралық қойылымын сомдаса, №37 ЖББОМ 10 класс оқушысы А.Тәнірбай қаламгердің «Жоғалған вагон» монологін оқыды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен Қ.Жұбанов атындағы АӨУ, филология факультетінің студенттері әдеби кештің куәгерлері болды.