26 қаңтар күні 15 ақпан-Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай Ақтөбе қаласынан шыққан ақтөбелік интернационалист жауынгерлерге арналған «Екі ғасырдың батырлары» кітабының таныстырылымы өтті.
Биылғы 35 жылдық маңызды күнге арналған іс-шарада кітаптың авторы әрі құрастырушысы, Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлері Ақтөбе облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Балкасынов Ақтөбе облысының интернационалист жауынгерлері туралы кітапта әскери күн тәртібіндегі қиындықтарды бастан өткергендер, аман қалғандар және еңбек етуді жалғастырып отырған ардагерлер туралы қысқаша мәліметтер келтірілгенін айтып өтіп, Ұлы даланың айбынды ұландарын халқымызға аянбай қалтқысыз қызмет етуге шақырды.
Ерліктің үлгісін көрсеткен барлық кезеңдегі қаһарман жауынгерлердің құрметіне арнап кітапхана оқырмандары: Ақтөбе жоғары Кеңес одағының батыры М.Маметова атындағы медициналық колледжінің 1 курс студенті Б.Алламбергенов ақын Ж.Молдағалиевтің «Отан», А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің 2 курс студенті А.Айдарғалиқызы ақын Г.Қалдинаның «Қазақ-біз» өлеңдерін оқыса, №64 Ұ.Құлымбетов атындағы ЖББОМ 7- сынып оқушысы А.Ғарифолла «Қазағым», Ақтөбе қаласы №72 орта мектебінің мұғалімі Ә.Шортанғалиев «Атамекен» әнін орындап берді. Шараға «Ауған жаңғырығы» кітап көрмесі мен слайд ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға №6655 әскери бөлімінің офицерлері мен сарбаздары, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің оқытушылары мен студенттері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.