13 наурыз күні қазақтың данышпан биі, көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке би Байбекұлының туғанына 380 жыл толуына орай «Бабаға тағзым» тарихи-танымдық кеші өтті.
Әйтеке - дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда бір туар арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал қызмет еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке би сонысымен де ұлы адам.
Шарада кеш қонақтары: Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Е.Ж.Құрманбеков, «Қазақстан өлкетанушылар одағы» облыстық филиалының төрағасы, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» Б.Б.Мырзабаев,«Алшын Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы әрі ұрпағы Б.Шайманов қазақтардың біртұтас мемелекет болуын аңсаған, сол үшін күрескен атақты тұлғаның өмірі мен ел үшін жасаған еңбегі туралы айтты.
ҚР педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Асанов, Қазақстанның құрметті журналисі, Шалқар ауданының құрметті азаматы Ж.Қабақбаев ұлы кемеңгер Әйтеке бидің шешендік сөздерінде халық даналығының болашақ жастарға, олардың тілін дамытуға, сөздік қорын байытуға қаншалықты қажет екенін түсіндіріп берді.
Шара барысында кітапхана оқырмандарына «Әйтеке би-ұлт кемеңгері» кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Әйтеке би» бейне баяны көрсетілді. Сонымен бірге, ел бірлігін ойлаған ұлы тұлғаның атаулы күніне арнап А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің 1-курс студенті Ж.Мақсотов ақын С.Саймовтың «Төртқараның ұлымын» әнін және №40 қазақ орта мектебінің 8-класс оқушылары«Әйтеке бидің төрелігі» көрінісін тарту етті.
Шараға қатысушылар: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік Жоғары колледждерінің оқытушылары мен студенттері, қала мектептерінің мұғалімдері,кітапханашылары, Әйтеке би бабаның ұрпақтары.