11 сәуір күні «Литература без границ» халықаралық жобасы аясында Ғарышкерлер күніне және әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің 90 жылдығына арналған «Вместе навстречу звездам» атты халықаралық оnline кездесуі ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – елдер арасындағы мәдени байланыстарды кеңейту, сақтау және нығайту. Кітапхана оқырмандарын ғарыш әлемімен таныстыру және жұмыс тәжірибесімен алмасу.
Шараға ZOOM платформа арқылы Пенза мемлекеттік университетінің ақпараттық-көрме орталығы директорының орынбасары Елена Рябенко қатысып, ақпараттық-көрме орталығының тәжірибесімен бөлісті: «Біз бір кездері Қазақстанмен, Виктор Пацаевтың әпкесі Галина Ивановнамен тығыз байланыста болдық. Бірақ байланыс үзілді. Менің бұрынғы арманым орындалды – тұңғыш астроном, ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаевтың жерлестерімен қайта кездестім. Галина Пацаева бізге «Отвага исканий» кітабын сыйлады. Оның арқасында біз ғарышкердің балалық шағы мен жастық шағы туралы көп нәрсе білдік. 1972 жылы университеттің бас ғимаратында Виктор Пацаевтың биік бедері бейнеленген мемориалдық тақта ашылды. Университетте Виктор Ивановичке қатысты құжаттар жинағы сақталған. 1977 жылы оқу орнының фойесі смалттан жасалған мозаикалық панельмен безендірілген, оның үстіне көрнекті ғарышкерді тану оңай. 2017 жылдан бастап жыл сайын Космонавтика күнінде университеттің ғылымды, техниканы және білім беруді дамытудағы жоғары жетістіктері үшін Виктор Пацаев атындағы медаль беріледі ... Кездесуге алғысым шексіз. Мен одан әрі ынтымақтастықты асыға күтемін», - деп жылы лебізін білдірсе, Николай Зырин атындағы №2 мамандандырылған кітапхананың жетекші библиографы Татьяна Прохорова мен Ульянов орталық кітапханасы директорының цифрландыру жөніндегі орынбасары Александра Буйлина барша мұсылман қауымын қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтап, кітапхана жұмысына тоқталды. Сонымен қатар, жерлестері, көрнекті ғалым және ғылымды ұйымдастырушы Николай Зырин туралы мәлімет берді.
Ақтөбе облыстық планетарийі астрономиялық алаңының меңгерушісі Анара Қаржауова: «Ақтөбе облыстық планетарийі – Қазақстандағы алғашқы стационарлық планетарий, ол 1967 жылы 3 қаңтарда ашылған және қаламыздың көрікті жерлерінің бірі болып табылады. Планетарийдің бірінші директоры Николай Зафирис болды. Ол өз кәсібінің нағыз әуесқойы болды. Ол халық арасында астрономия мен космонавтиканы жалықпай насихаттады. 2001 жылдан бастап Тәуелсіздік жылдарында заманауи планетарийді дамытуға көп еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қорлан Бөлеков Планетарий директоры болып тағайындалды. Біз көршілес елдер – Ресей, Украина, Беларусь планетарийлерімен тығыз байланыстамыз. 2008 жылы Барнаулда өткен халықаралық конференцияда Ақтөбе планетарийі Еуро-Азия планетарийлер қауымдастығының құрамына енді. 2011 жылы Ақтөбеде халықаралық VII Азия-Тынық мұхиты астрономия олимпиадасы өтті. Планетарийде дәстүрлі түрде астронавтика апталығы өтеді...», - деп фото-шежірелі слайд ұсынды. Сонымен қатар, В.Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің оқу бөлімінің орынбасары, полковник Мұхтар Нұрмұхамедов: «1969 жылы Ақтөбеде Виктор Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі ашылды. Мектептің басты міндеті – жасөспірімдерге авиация, ұшу техникалық пәндері бойынша қарапайым білім беру, ең бастысы, патриоттық сезімді қалыптастыру. Мектептің негізін қалаған және ұзақ жылдар Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Александр Курбанов басқарған. Мектепке Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты жетекшілік етеді. Оның оқытушылары курсанттарға сабақ береді. Жас ұшқыштар мектепке 9 класстан бастап түсіп, 3 жыл оқиды. Виктор Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебі Ресей Батыры, ғарышкер ұшқыш полковник Юрий Лончаков, Ресей Батыры, ұшқыш-сынақшы полковник Вячеслав Крицкий және басқа да түлектерді мақтан тұтады», - дей келе мектеп туралы слайд ұсынды.
Шара барысында кітапхана қызметкері Рысжан Карагулова тақырыптық кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіп, адамның ғарышқа алғашқы ұшуы, тұңғыш астроном, ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаевтың өмірі мен қызметі туралы айтып берді. Сондай-ақ, оқырмандарға «Я гляжу тебе вслед из степей Казахстана», «Город на белом холме» фото-шежіре слайд ұсынды.
Ақтөбе қаласының 155 жылдығына Ақтөбе қалалық №9 орта мектеп-гимназиясының оқушылары Өтежан Нұрғалиевтің «Отчий край», Валерий Мартыненконың «Актобе», Галина Пацаеваның «Отвага исканий» өлеңдерін оқыса, Н.Зырин атындағы №2 мамандандырылған кітапхананың оқырмандары Леонид Вышеславскийдің «Обычным шумом...», Николай Мирошникованың «Здравствуй, Земля!» өлеңдерін оқып береді.
Халықаралық оnline кездесуіне Николай Зырин атындағы кітапхананың оқырмандары (Ульяновск қаласы), Виктор Пацаев атындағы Алға қалалық орта мектебі, аудандық кітапханалар және БАҚ өкілдері қатысты.
Шараға қатысқан оқырмандарды кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова алғыс хаттармен марапаттады.