3 маусым күні «Кітап фестивалі -2024» кітап мерекесі аясында ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлықтың иегері Гүлімай Әбішқызымен «Сәлеметсіз бе, Бақыт?!» атты кездесу кеші өтті. Кешке Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова бастаған мәдениет қызметкерлері, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Кездесу кешінде ақын Гүлімай Әбішқызы өзінің өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде сұхбат беріп, оқырмандарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Кеш барысында кітапхана қызметкерлері Рысжан Карагулова, Балагүл Бакиева «Жұртымның жусан жырымын...» кітап көрмесін ұйымдастырып, библиографиялық шолу өткізді. Сонымен қатар, ақынның сөзіне жазылған «Келінге» әні тыңдалды. Гүлімай Әбішқызы жетекшілік ететін «Рух-нама» шығармашыл жастар орталығының жас ақындары Шығанақ Ерсұлтан мен Әсел Еркінқызы ақынды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сұхбат соңында кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова кеш қонағына алғыс айтып, жас оқырмандарды кітап оқуға шақырды.