10 тамыз күні Абай даңғылында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай күні» әдеби фестивалі өтті.
Іс-шара төрт тақырыптық алаңда өтті:
«Балалық пен білім жолы»,
«Даналық пен даралық»,
«Кемел ойдың кемеңгері»,
«Ұлт болмысы».
🔹Әр алаңда киіз үйдің керегелері ұлттық нақышта безендіріліп, Абайдың балалық шағы мен өскен ортасы театрландырылған қойылымдар арқылы бейнеленді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және зияткерлік сағаттар, комикс және викториналар мен жатқа оқу сайыстары ұйымдастырылды.
🔹Абай әндері, қара сөздері мен өлеңдері, сондай-ақ, этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен өзге тілдерде орындалған шығармалар көрермен ықыласына бөленді. Абай туралы ғылыми еңбектер, зерттеулер, сирек кездесетін фотоматериалдар ұсынылған кітап көрмелері де көпшіліктің қызығушылығын оятты.
🔹«Абай әлемі» жылжымалы көрмесінде көрермендер музей қорындағы Абай тақырыбындағы суреттермен танысып, ақын бейнесін көркем өнер арқылы жаңа қырынан көрді.
🔹«Ұлт болмысы» ұлттық ойындар алаңында асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі тебу, қол күрес сияқты ойын түрлері ұйымдастырылып, садақ ату, қамшы өру, диірменге тары тарту, киіз басу сияқты шеберлік сағаттары өтті.
Қыран бүркіт пен тазы иті көрмеге қойылып, қазақтың аңшылық мәдениеті таныстырылды.
🔹Көпшілік шараға қатысушылар қазақы киім киіп, фестивальдің нағыз ұлттық рухта өтуіне үлес қосты.




.png)










