Өлеңмен жазылған өмірбаян

Қалалық мәдениет сарайында Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Сағындық Ниянқұловтың мерейлі 70 жасына арналған «Өлеңмен жазылған өмірбаян» әдеби кеші өтті.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған шараға өңірге белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен студент-жастар қатысты. Аға буын өкілдері кеш иесін мерейлі жасымен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды. Сонымен бірге ақынның журналистикадағы және өзге де салалардағы еңбегіне, оның кісілік келбеті мен ізгі қасиеттеріне алғыстарын жеткізді.

Өңірге белгілі ақын Сағындық Егінбайұлы Темір ауданының Алтықарасу ауылында жарық дүниеге көрінген. Орта мектепті бітіріп, 3-4 жылдан кейін арман қуып Алматыға барған. Қазақ қаламгерлерінің астанасына айналған шаһарда ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде білім алған. Кейін осы өңірдегі түрлі салада еңбек етті. Бүгінде ол – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.

Әр жылдары «Жауқазын жырым – жастығым», «Бір қуанту – арманым», «Ауылға хат», «Әкеммен сырласу» және «Біз екеуміз» жыр жинақтары жарық көрген.

Кеш барысында қаламгер қауым ақын шығармашылығы жайында салмақты ой-пікірлерін ортаға салып, арнау-тілектерін де арнады. «Туған жер», «Қазақпын», «Домбыра» және «Жедел жәрдем» өлеңдерін студент-жастар мәнеріне келтіре оқып, «Теректім», «Кеңкияқ» және «Алтықарасуым менің» әндері шырқалды. Кеш иесі де өзінің ой толғаныстарын, көңіл сырын ақтарып, көпшіліктің ерекше қошеметіне бөленді.

Сағындық Егінбайұлының шығармашылығына арналған «Аманбысың, оқырманым көз көрген...» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, оқырмандарға шығармашылық өмірбаяны кеңінен таныстырылды.

Әдеби кешті қорытындылаған ақын кейінгі уақытта жазған өлеңдерін оқып, көңілдегі қуанышы мен шексіз ризашылығын білдірді.

1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1