Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің маңызды символдарының бірі - ұлттық валюта теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Еңбек сіңірген қызметкері, ардагер Ж.Ш.Жандәулетовтың, Қазақстан Халық банкі АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының бірінші орынбасары Т.Қ.Беисованың, С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінің экономика ғылымдарының магистрі З.К.Ержанованың, Ақтөбе облыстық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері А.Б.Шалманованың қатысуымен «Ұлттық теңге – ұлт мақтанышы!» тақырыптық кеш өтті.
Шара қонақтары Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің шығу тарихын, валюталық қарым-қатынасты нығайтудағы теңгенің қызметі, қолданыстағы маңызы, сол кездегі қиыншылықтарға төтеп берген мемлекетіміздің өркендеу жолдарын баяндап, тәуелсіз мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктерін мақтанышпен атап өтті.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Ақтөбедегі филиалы қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операция бөлімі басшысының орынбасары Р.А.Жумагазина өз әріптестерімен шарамызға қатысып, оқырмандар назарына мерейтойға арналған көз тартарлық алтын-күміспен жалатылған жаңа мерекелік теңгелер туралы және т.б. өте қызықты әрі құнды видео-слайд ұсынды.
Аталмыш шара барысында Ә.Кекілбаев атындағы №72 ЖББО IT мектеп-лицейінің мұғалімі А.Қ.Шортангалиев Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған «Қазақтай ел қайда» және қазақ әнінің жүрегіне айналған «Атамекен» әндерін, кітапханамыздың жас мамандары Шөмішбай Сариевтің «Төл теңгеміз туралы» әдеби монтажын тарту етті.
Оқырмандар назарына «Теңге-ұлттық валюта» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, төл теңгеміздің шығу тарихын сипаттайтын слайд көрсетілді. Шараға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік және С.Баишев атындағы университеттің, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.