КЕМЕҢГЕР МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

     2023 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, публицист Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туғанына 125 жыл толды. Соған орай 21 қыркүйек күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «КЕМЕҢГЕР МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ»  тарихи-танымдық шара өтті.Темірбек Жүргенов 1898 жылы қараша айында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Басықарақопа ауылында (Жабасақ маңы) бай отбасыда дүниеге келді. Ұлт жанашыры Темірбек Жүргенов 3-тамыз 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен қамалып, 1938 жылы 25-ақпан күні атылды. Шарада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, «Алтын қалам» жүлдегері Аманқос Орынғалиұлы Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметі туралы құнды мәлімет берді. Сонымен қатар, Темірбек Жүргеновтің өмірбаяны берілген арнайы бейнематериал көрсетілді, «Ұлттың рухын оятқан қайраткер» кітап көрмесінің библиографиялық шолуы жүргізілді.  Ақтөбе көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжінің студенті Нұрбек Жақсылықов Темірбек Жүргеновке арналған Сақтаған Есмахановтың «Асыл аға» арнау өлеңін мәнерлеп оқыды.   Кітапхана мамандары Темірбек Қараұлының адал жары Дәмеш Әмірханқызының естелігін және Темірбек Жүргеновтің сатира жанрында жазылған «Переводчиктің қиялы» өлеңін оқыды. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жанындағы Айгүл Бақытбекқызының жетекшілігімен құрылған «Назқоңыр» домбырашылар ансамблі оқырмандарды әсем күйге бөледі.

1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1