26 сәуір күні «Қаламгер» әдеби қонақжайында белгілі журналист, талантты ақын Жанар Нұрғалидің 50 жылдығына арналған «Дарынды ақын еді...» еске алу кеші өтті.
Кеште ақынның туған жерінен келген Ырғыз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейірхан Әттиев аудан әкімшілігінің сәлемін жеткізе отырып, ақын туралы жылы лебізін білдірді. Ырғыз аудандық кітапханасының директоры, өлкетанушы Марат Мырзалы Жанар Нұрғалидің шығармашылығын насихаттауға арналған аудандағы іс-шараларға тоқталып, ақынның тума-туыс, бауырлары: Бекболат Төлепұлы, Әбдіхат Қапанұлы, Нұржауған Кужахметова, Сабыржан Сәндібекұлы, Шынар Сәндібекқызы өз туралы естеліктерімен бөлісіп, ақынның балалық шағы туралы сыр шертті. Сондай-ақ, ақынның қаламдастары сатирик-жазушы, журналист Ардақ Қонақбаева, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақтөбе медиа» компаниясы «Газетке жазылу және тарату» бөлімінің басшысы Талғат Тілеулесов, ақын Гүлжаһан Төреханова қатысып, Жанар Нұрғалидің шығармашылығы мен қайталанбас болмысын, өлеңдегі өзгеше өрнегін әңгімеледі.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері Рысжан Карагулова, Балагүл Бакиева «Жалындап жанған Жанар-жыр!» кітап көрмесін ұйымдастырып, оқырмандар назарына библиографиялық шолу, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы «Өлең – өмір» фото-шежіре слайд, «Жасын ғұмыр» бейнежазба ұсынды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Жас қаламгер» клубының мүшелері Қамарсұлу Балдан, Әсел Артурқызы, Айдана Қайырбек, кітапхана қызметкері Қарлығаш Ержігітқызы Жанар Нұрғалидің «Сүю деген...», «Құрбы қыз мұңы», «Емханада», «Әжеме» өлеңдерін оқыды. Ақтөбелік әнші, композитор Нұрталап Жүсіпов «Байқамаймыз» әнін орындады. Кеш соңында кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова келген қонақтарға алғысын білдіре отырып, жас оқырмандарды кітап оқуға шақырды.