3 мамыр күні кітапхана қызметкерлері «Білім-инновация» лицей-интернатымен бірлесіп, қазақстандық батырлар - М.Бөкенбаев пен әскери қайраткер, Халық қаһарманы С.Қ.Нұрмағамбетовтың туғандарына 100 жыл толуына орай екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлерінің арасында өшпес ерлік көрсеткен батырлардың ерлігі жайында мәліметтер беріп, олардың есімдерін ұрпақ жадында мәңгі есте сақтау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке баулу мақсатында «Қайсар мінез Қаһармандар» тарихи сағатын өткізді.
Шара қонақтары ҚР Ішкі Істер Министрлігі М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, «Имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар» бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры А.Назарбаева және бөлім инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Бекет, «Білім-Инновация» лицейінің тарих пәні мұғалімі, тарих магистрі А.Ғ.Батыргалиева Отан алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ерлердің өмір жолдары мен ерен ерліктерін баяндап, жас ұрпақты ел үшін аянбай еңбек етіп, білім, ғылым жолында жүріп, бейбіт күннің батырлары болуға шақырды.
Тарихи сағат барысында «Тарих беттері сыр шертеді» кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы М.Молдашева библиографиялық шолу жасады. Аталмыш лицей оқушылары тарапынан қазақстандық батырларға арналған ақындардың өлеңдері оқылды.
Шараға қатысушылар:«Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімдері мен оқушылары, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері, кітапхана қызметкерлері.