«Жырым – пырағым» әдеби кеші

            17 ақпан күні «Оқитын өлке» облыстық акция аясындаақын, драматург, әнші, сазгер Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жылдығына арналған «Жырым – пырағым» әдеби кеші өтті.
          Аталған шараға «Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмаз Жантикенов, ақынның жерлес туысы Сайлаш Сағиева, «INVA PARK» инклюзивті қызметтер индустриясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражева және мүгедектер қоғамының мүшелері қатысып, әдеби кештің мазмұны мен маңызы, ақын шығармашылығының ерекшелігі, ой көркемдігі мен сөз сиқыры жайында ой-пікірлерін ортаға салды.
         Кеш барысында жүргізуші Аманжол Исламғали қаламгердің өмірі мен шығармашылық кезеңдеріне арналған «Тағдыр жолы» деректі фильмінен үзінді ұсынса, қаламгердің ұлы Жасұлан Тәжібаев арнайы Алматы қаласынан жолдаған бейнежазбасында қатысушыларға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері Жібек Алмас, Томила Ковальчук және Диляра Әсімбекова ақынның «Ойласаң мені...», «Дала туралы жыр», «Мен өзім» өлеңдерін мәнерлеп оқып берсе, қатысушылар да ақынның ел білетін әндерін әуелетті.
         Кітапхана қызметкері Рысжан Қарағұлова қаламгер шығармашылығына арналған «Ән мен жырдың Ақбұлағы» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, ән-жырларын кеңінен таныстырды. Шара соңында қатысушылар бар қазаққа белгілі «Ақбұлақ» және «Іңкәрім-ай» әндерін қосыла шырқады.

5240462273174770975