Жаңалықтар

28 қыркүйек күні  кітапханаларды дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітап оқытуды ілгерілету тәсілдерінің  бірі – кітапхана жұмысының заманауи түрлері», - «Современные формы библиотечной работы как способ активации продвижения чтения» атты халықаралық онлайн конференция zoom платформасында өткізілді. Конференцияға  А.Осмонов  атындағы Қырғызстан  Республикасының  Ұлттық  кітапханасы, Т.Сатылғанов атындағы Ош облыстық, Ресей Федерациясының В.И.Ленин атындағы Ульяновск облыстық, Н.К.Крупская атындағы Орынбор  облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасы  және ҚР Ұлттық кітапханасы, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды, Л.Н.Толстой атындағы Қостанай, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханаларының  қызметкерлері қатысты.

23 қыркүйек күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының авторлық жобасы өтті. Фестивальдің ашылу салтанатына ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Нұрлыбек Қалауов, жазушы, қоғам қайраткері Мәди Раимов, журналист, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақыт Жаншаева қатысып, бүгінгі игі бастамаға сәттілік тіледі. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Дулат пен Рита Айтжановтар әсем әнмен әрледі.

20 қыркүйек күні «Қаламгер» әдеби қонақжайында  Ақтөбе облысының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырған «Туған жер өрнектері» атты облыстық шығармашылық байқауының қорытындысы өтті. Облыстық әдеби шығармашылық іс-шараға С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Т.Тілеулесов, №69 ЖБОМ-нің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің  мұғалімі, педагог-зерттеуші Г.Алашбаева, кітапхананың жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімшесінің баспасөз хатшысы М.Сандыбай қазылық етіп, байқау жеңімпаздарын құттықтап, марапаттарын табыстады.

20 қыркүйек Көрмелік-бұқаралық жұмыс (коворкинг) секторы ұйымдастыруымен «Отаным - Отбасым» атты отбасылық кездесу-сұхбаты өтті.  Шарамызға алтын алқа иегері, медиатор, психолог, тәрбиеші Әбілдаева Бибігүл Әбдішүкірқызы отбасымен қатысты. Сұхбат барысында Бибігүл Әбдішүкірқызы, оқырмандарға отбасының маңыздылығын түсіндіріп, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке, отбасы мен ата-ананы бағалауды, сонымен қатар, өз отбасын үлгі ретінде көрсетіп, рухани азық жинап, жас буынға ой салды.

16 қыркүйек күні кітапханамыздың коворкинг орталығында жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімшесінің ұйымдастыруымен  18 қыркүйек - Аналар күніне орай «Ана - өмірдің ажары» атты мерекелік кеші өтті. Кеш қонақтары «Отбасын сақтау» орталығының кәсіби медиаторы, Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық комиссиясының мүшесі Лакова Таңсұлу Зағитқызы және Техника ғылымдарының докторы, көп балалы ана, психолог, медиатор Қалел Бибігүл Маратқызы адам өміріндегі ананың алатын рөлі, күнделікті өмірдегі Ана мен Бала арасындағы қарым-қатынас туралы мысалдар келтіре отырып, жастарға пайдалы ақыл-кеңестер берді.

15 қыркүйек күні кітапхана қызметкерлері жазушы, ғұлама ғалым М.О.Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы жазушысы» атты ғылыми - танымдық кешін өткізді. Шараға ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Тайжанов Алтай Тайжанұлы қатысып жазушы туралы құнды ойларын ортаға салды.

15 қыркүйек күні кітапхана қызметкерлері Ақтөбе гуманитарлық колледжінде белгілі қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Бір кем дүние» атты әдеби сағатын өткізді. Шараға аталған колледждің оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы турлы мәліметтер беріліп, колледждің оқытушысы Нұргүл Бақытжанқызы жазушының шоқтығы биік туындыларына тоқталып, тағылымды ойларымен бөлісті.

14 қыркүйек күні коворкинг орталығында «Ой маржаны - кітап» атты медиа жобасы аясында экономика ғылымдары магистрі, «Bookcafe» кітап дүкенінің коммерциялық директоры Нұрсұлтан Ақылбекұлымен «Bookdating» әдеби онлайн сұхбаты өткізілді. Шара барысында «Bookcafe» кітап дүкені жайлы арнайы дайындалған бейнематериал көрсетілді. Кітап дүкеніне қатысты барлық сұрақтарға жауап алынып, кеш қонағы мен көрермендерге қызықты ойындар ойнатылды.

Ырғыз ауданында «Ырғыз зиялылары және ұлт тарихы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті. С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың  өлкетану бөлімі «Туған өлке тарихы» тақырыбында кітап көрмесін жасақтады. Көрме «Тарихы терең Ақтөбе», «Билер сөйлеп, батырлар ту көтерген», «Тарих торабындағы тағдырлар», «Ерен еңбекпен есейген», «Ғибрат қылдым кейінге», «Мәдениет пен әдебиет мәңгілік мирас», «Өлкенің табиғи, тарихи-мәдени мұралары» атты бөлімдерден тұрды.

Биылғы жыл - халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері,ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл және елімізде әр жылы қыркүйек айында  тойланатын «Тіл мерекесі» күні. Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде өткен «Ұлттың ұлы ұстазы» атты танымдық шараға оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкері Г.Б.Бейсова қатысып, «Алғыр бала Ахметтен – ұлт ұстазы Ахаңа дейін» тақырыбында туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндап берді.